Еркін күрес шебері Ислам Байрамуков Ризабек Айтмұханның екі дүркін Олимпиада чемпионы Абдулрашид Садулаевпен ықтимал белдесуі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz-ке сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Байрамуковтың пікірінше, Садулаев тәжірибесі мен бұған дейінгі кездесудегі нәтижесіне байланысты алдағы белдесуде фаворит саналады. Дегенмен қазақстандық балуанның мүмкіндігі де жоғары екенін атап өтті.
«Садулаевтың тәжірибесін және олардың алдыңғы кездесуін ескерсек, ресейлік балуан фаворит болуы мүмкін. Дегенмен кез келген сәтте жағдай өзгеруі ықтимал. Әр белдесу әртүрлі өтеді.
Көп нәрсе Ризабектің жекпе-жекке психологиялық тұрғыда қандай күйде келетініне байланысты. Абдулрашид Садулаев — тәжірибелі, ысылған балуан. Бізге әрдайым осындай қарсыластармен белсенді күресіп, өз тактикамызды таңып, қарсыласты қыспаққа алу керек деп үйретті. Кілемге шыққан кезде өз абыройыңды қорғап, өз шарттарыңды ұсынып, қарсыласыңа өз күресіңді таңуың керек», — деді Ислам Байрамуков.
Айта кетейік, Ризабек Айтмұхан мен Абдулрашид Садулаев биыл ақпанда Албанияда өткен халықаралық күрес турнирінде кездескен. Сол белдесуде ресейлік балуан Ризабекті 14:3 есебімен жеңіп, финалға жолдама алған еді.
Енді екі балуан Астанада өтетін әлем чемпионатында қайта кездесуі мүмкін. Әлем біріншілігі 24 қазан мен 1 қараша аралығында өтеді.
