Қазақстан ҰОК басшысы Геннадий Головкин отандық шорт-трекші Денис Никишаны Роттердамда өтіп жатқан әлем чемпионатындағы тарихи медалімен құттықтады.
«Шорт-тректен әлем чемпионатында еліміз үшін тарихи медаль жеңіп алғаныңызбен сізді және бапкерлеріңізді шын жүректен құттықтаймын! Бұл көптеген жылдар бойы көп мұздағы атқарған еңбектің, төзім мен тәртіптің жемісі. Келешекте бұдан да жоғары нәтижеге жетіп, қазақстандық жанкүйерлерді одан әрі қуанта беруіңізге тілектеспін!», — деді Головкин.
Айта кетейік, Денис Никиша әлемдік додада күміс медальға қол жеткізді. Ол — аталған спорт түрінен ересектер арасындағы әлем чемпионатында жүлде алған алғашқы қазақстандық спортшы.
2023 жылы Денис 500 метрлік қашықтықта ISU әлемдік рейтингіде алғашқы орыннан көрініп, жалпы есепте топ жарған болатын.
Сондай-ақ, ол жасөспірім ұлдар арасындағы әлем чемпионатында жүлде алған жалғыз қазақстандық спортшы. Никиша 2014 және 2015 жылдары үшінші орынға табан тіреді. Ал 2014 жылғы әлемдік сында 500 метрге жүгіруден жасөспірімдер арасындағы әлем рекордын орнатты.