Алматыда бұл күндері мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен мемориалы өтіп жатыр. Аталған жарысқа «орыс ракетасы» атанған ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Александра Игнатова (Трусова) да қатысуда, деп жазады Sportbugin.kz.
Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері жарыс алдындағы қызық жайтты айтып берді. Қысқа бағдарлама алдындағы қыздыру жаттығуы кезінде жаттықтырушылары жол кептелісінде қалып қойған.
«Тіпті қыздыру жаттығуы кезінде қыздармен сөйлесіп жүрдім. Өйткені жаттықтырушылар кептелісте қалып қойды. Мен Даниил Маркович Глейхенгауздан: “Сіздер әлі мұз айдынына жеткен жоқсыздар ма?” деп сұрадым. Қыздыру кезінде ішім пысады, ешкім менімен сөйлеспейді. Сондықтан чатта қысқа видеохабарламалар арқылы сөйлесуге тура келді», — деді Александра Игнатова «Матч ТВ» тілшісіне.
Айта кетейік, Александра Игнатова Денис Тен мемориалындағы қысқа бағдарламада 77,39 ұпай жинаған.
Алматының әйгілі кептелісі бұл жолы да ешкімді аямады. Тіпті Олимпиада жүлдегерінің жаттықтырушылары да қала көшелеріндегі көлік кептелісіне тап болған.
