Бокс федерациясының өкілі Мырза Еркінбек Бақыт Сәрсекбаевтан кешірім сұрады, деп жазады Sportbugin.kz.
Бұған дейін федерация өкілінің Бақыт Сәрсекбаевқа қатысты жазған пікірі жанкүйерлердің наразылығын тудырған еді. Желі қолданушылары бұл жазбаны әдепсіздікке балап, сынға алған болатын.
Сонымен қатар, желі қолданушылары Мырза Еркінбектің ММА-дағы сәтсіздіктерін де еске алып, оның әрекетін сынға алды. «Қарсыластарын ұйықтатамын деп, өзі ұйықтап қалған жігіт емес пе?» — деп жазды.
Осы жағдайға байланысты Бақыт Сәрсекбаев Sportbugin.kz тілшісіне берген сұхбатында Мырза Еркінбектің Азия чемпионатында қатысатын құрамды іріктеу кезінде спортшыларды таңдауға араласқысы келгенін айтқан еді.
Сондай-ақ ол өзіне қатысты әрекеттерге алаңдаудан гөрі, алдағы міндеттерге көңіл бөлетінін жеткізген.
Бірер сәт бұрын Бақыт Сәрсекбаев әлеуметтік желідегі парақшасында:
«Алдына келсе, атанның құнын кеш! Бүгін Мырза інім Түркістанға келді. Жастар құрамасының оқу-жаттығу жиындарын, алдағы әлем чемпионатына дайындығын көріп, сәттілік тіледі.
Ағайын, жауапты жарыс алдында алыпқашпа, қысырақ әңгімені тоқтатып, жастарымызға демеу көрсетейік!» — деп жазды.
