Қазақ ұлттық спорт университетінің (KNUS) негізін қалаушы әрі Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Нұрасыл Медеу елімізде спорт саласын дамытуға бағытталған институт құру бастамасы туралы айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
Оның айтуынша, бұл идеяны жүзеге асыру үшін ортақ мақсатты қолдайтын пікірлестер командасы жасақталып, жоба нөлден бастап қолға алынған.
«Мен бұл идеяны қолдайтын, оның маңыздылығын түсінетін әрі жүзеге асыруға дайын бір топ пікірлес адамды жинай алдым. Барлығымыз бірігіп, осы істі нөлден бастап қолға алып, аяғына дейін жеткізуге бел будық.
Орталық Азияда бұл бағытты алғаш болып толыққанды қалыптастырып, дамытып отырған біз деп сенімді түрде айта аламын. Халықаралық деңгейде де Қазақстанның осы бағытты алғаш болып қолға алғаны айтылып жүр. Елімізде атқарылып жатқан жұмысқа осындай баға беріліп, бастамамыздың халықаралық деңгейде мойындалуы біз үшін үлкен мақтаныш. Мұндай пікірлерді есту, әрине, өте қуанышты», — деді Нұрасыл Медеу.
Сонымен қатар ол инклюзия мен параспорт бағытындағы мамандар даярлаудың маңызын атап өтті. Оның сөзінше, институт бұл салада да білікті кадрлар қалыптастыруға үлес қосуды көздейді.
