Бағдат Сабаз Астанада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды, деп жазады Sportbugin.kz.
Грек-рим күресінен 67 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз үшінші орын үшін өткен шешуші белдесуде әзербайжандық Хасрат Джафаровпен кездесіп, қарсыласын 8:5 есебімен жеңді.
Жарыстан кейін Бағдат Сабаз әлем чемпионатындағы жеңісінің өзі үшін ерекше мәнге ие екенін айтты.
«Мен осы кезге дейін үш рет әлем чемпионатына қатыстым. Үшеуінде де ұтылдым. Армандап келген қолам алтынмен теңесіп тұр ғой қазір. Жастар мен жасөспірімдер арасында ала алмадым. Маған ересектер арасында медаль бұйырып тұр екен. Жарыс барысында үш камбэк жасадым. Үшеуі де оңай болмады», — деді Бағдат Сабаз.
