Черногорияда 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионаты аяқталды, деп жазады Sportbugin.kz.
Бақыт Сәрсекбаев баптайтын Қазақстан құрамасының екі боксшысы да финалда есе жіберді.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Бибарыс Әшірбай финалда Ирландия өкілі Джон Донохьюмен қолғап түйістіріп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңілді. Қорытынды есеп — 0:5.
Ал 90 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Владислав Саможонов Өзбекстан боксшысы Ислам Салиховпен кездесті. Жекпе-жектің алғашқы раундында Саможонов 3:2 есебімен басым түскенімен, кейінгі раундтарда қарсыласы үстемдік танытты. Нәтижесінде төрешілер 4:1 есебімен жеңісті Ислам Салиховқа берді.
Осылайша, Бибарыс Әшірбай мен Владислав Саможонов әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Айта кетейік, командалық есепте Қазақстан құрамасы төртінші орынға тұрақтады. Үздік үштікке Ресей, Өзбекстан және АҚШ құрамалары енді.
