Елдос Сметов Абу-Дабиде өткен Grand Slam турниріндегі жеңілісіне қатысты пікір білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
Қола жүлде үшін өткен белдесуде Елдос Сметов тағы бір отандасымыз Талғат Орынбасармен кездесіп, қарсыласына есе жіберді. Осылайша, Талғат Орынбасар турнирдің қола жүлдегері атанды.
Жарыстан кейін Елдос Сметов әлеуметтік желідегі парақшасында жанкүйерлеріне алғысын айтып, бұл жеңілісті ауыр қабылдамайтынын жеткізді.
«Ең алдымен, осы жарыста маған қолдау білдіріп, жанкүйер болған баршаңызға шын жүректен алғысымды білдіремін! Жарыстың қорытындысына келер болсақ, бәсеке өте тартысты әрі жоғары деңгейде өтті. Ең бастысы — жарақат жоқ, бәрі аман-есен.
Ал мені ерекше қуантатыны — жеңілістің өзге елдің өкіліне емес, өз ізбасарымның, өз бауырымның еншісіне бұйырғаны. Бұл — намысымды жерге түсіріп, қабырғамды қайыстыратын жеңіліс емес. Керісінше, қазақ спортының болашағы жарқын екенінінің белгісі!
Бір елдің намысын қорғап, бір тудың астында жүрген қазақ балаларының биік белестерді бағындырып, әлемдік аренада топ жарып жүргені — мен үшін үлкен қуаныш» — деп жазды Елдос Сметов.
