Ризабек Айтмұханның бапкері Дархан Бейсенов Астанада өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатынан кейін мәлімдеме жасады, деп жазады Informsports.kz сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz
Бапкердің айтуынша, алдағы уақытта балуанның психологиялық, физикалық және техникалық дайындығына баса мән беру қажет. Сондай-ақ ол командаға мықты спарринг-серіктестер мен қаржылай қолдау керегін атап өтті.
«Алдағы уақытта психологиялық, физикалық және техникалық тұрғыдан әлі де көп жұмыс істеуіміз керек. Бізге көмектескісі келетін адамдар болса, әрдайым ашықпыз. Кейбіреулер құр сөзбен ақыл айтқанды жақсы көреді. Ал бізге ең алдымен мықты спарринг-серіктестер қажет. Егер үздік балуандармен бірге оқу-жаттығу жиындарына баруға мүмкіндік жасалса, қуана қатысар едік. Өкінішке қарай, әзірге ондай жағдай жоқ. Ақыл айта бергенше, қаржылай қолдау көрсетсін», — деді Дархан Бейсенов.
Айта кетейік, Ризабек Айтмұхан Астанада өткен әлем чемпионатында еркін күрестен 97 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, алғашқы белдесуінде ресейлік Абдулрашид Садулаевқа есе жіберген еді.
