Қарағандыдан Ташкентке «Достық» футбол матчына барған жас футболшылар мен ересектердің арасында жаппай сырқаттану дерегі тіркелді. Бұл туралы балалардың ата-аналары әлеуметтік желіде мәлімдеді, деп жазады Sportbugin.kz.
Ата-аналардың айтуынша, 2026 жылдың 31 қазанында қонақүйде таңғы ас ішкеннен кейін балалар мен ересектердің іші ауырып, дене қызуы көтеріле бастаған. Бір тәулік ішінде 15 баланың жағдайы нашарлаған.
Ата-аналардың күдігін тудырған тағы бір жайт бар. Олардың сөзінше, таңғы ас кезінде жұмыртқа жемеген сегіз баланың ешқайсысы ауырмаған. Осыған байланысты олар балалардың тағамнан улануы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Әзірге балалардың неден ауырғаны ресми түрде расталған жоқ. Бұл вирустық инфекция ма, әлде тағамнан улану ма — тиісті мамандар жүргізетін зерттеулерден кейін белгілі болады.
Ата-аналар балаларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп, оқиғаның мән-жайы объективті түрде тексерілуін сұрайды. Сондай-ақ Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен құзырлы органдардан жағдайға назар аударып, балалардың денсаулығына қатысты ресми ақпарат беруді талап етеді.
Айта кетейік, әзірге бұл ақпарат ата-аналардың мәліметіне негізделген. Балалардың жаппай сырқаттану себебі анықталып жатыр.
