Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров пен оның бапкері Алексей Урмановқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Министрдің айтуынша, Михаил Шайдоров жаңа олимпиадалық циклге дайындықты бастап кеткен. Ал спортшы мен бапкер Алексей Урманов арасындағы келісімшарт бұзылған.
«Біз өз тарапымыздан Алексей Урмановқа зор алғысымызды білдіргіміз келеді. Ол — өзі де Олимпиада алтынын жеңіп алған және Олимпиада чемпионын тәрбиелеуге көмектескен маман.
Михаилдің командасымен бірге осы үш жылда ауқымды жұмыс атқарылды. Алдағы уақытта Алексей Урманов еліміздің жас спортшыларымен де жұмыс істейді деп сенеміз. Біз оны әрдайым қолдаймыз. Қазір Олимпиада чемпионы ретінде Михаилдің жаңа команда таңдап, сол құраммен жұмыс істеуге және жаңа элементтерді меңгеруге толық құқығы бар.
Оған оңай емес. Өзі де Олимпиада чемпионы мәртебесінде жарысқа қатысудың қиындығын айтып жүр. Дегенмен бұл кезеңнен өтетініне сенімдіміз. Қысқы Азия ойындарына дейін әлі уақыт бар. Оның үстіне, 2029 жылы Азия ойындары Алматыда өтеді», — деді Ербол Мырзабосынов.
Айта кетейік, қазан айының соңында халықаралық Гран-при сериясының алғашқы кезеңінде Михаил Шайдоров қысқа және еркін бағдарламаларда бірнеше қателік жіберді. Нәтижесінде 206,55 ұпай жинап, жалпы есепте оныншы орынға тұрақтады. Осылайша, ол Гран-при финалына жолдама ала алмады.
Бұған дейін Михаил Шайдоров Гран-при кезеңіндегі сәтсіз өнерінен кейін мәлімдеме жасаған болатын.
