Әзербайжан астанасы Бакуде бокстан дәстүрлі «Жібек жолы» турнирі басталды. Өкінішке қарай, танымал қазақ боксшысы Қамшыбек Қоңқабаев бірінші кездесуде жеңіліп қалды, деп жазады Sportbugin.kz.
Жазғы Азия ойындарынан бері рингке шықпаған Қамшыбектің жолын ресейлік Рамазан Карнукаев кесті. Сондай-ақ, 63,5 келідегі Серік Теміржанов та жергілікті боксшыға есе жіберген.
Одан бөлек, Дамир Әбдіқадыр (51 келі) ирандық Мэхди Парвизиге, Тимур Нұрсейітов (75 келі) өзбекстандық Әлішер Аюповқа жол берді.
Бүгін шаршы алаңға шыққан боксшылар арасынан 48 келідегі Теміртас Жүсіпов пен 92 келідегі Сағындық Тоғамбай ғана келесі айналымға өтті. Жүсіпов әзербайжандық Тұралы Сариевті жеңсе, Тоғамбай тағы бір жарыс қожайыны Фуад Жафаровты техникалық нокаутпен ұтты.
Ертеңгі жарыс күнінде Қазақстан атынан Тимур Қабдешов (54 келі), Талғат Сырымбетов (60 келі), Бахтияр Смағұлов (67 келі), Дархан Дүйсебай (71 келі) және Бекзат Таңатар (86 келі) сынға түседі.