Грек-рим күресінен Қазақстан командасының бас бапкері Юрий Мельниченко Париж Олимпиадасына жолдама алған Нұрсұлтан Тұрсыновтың дайындығы туралы айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
ҚР ҰОК ресми сайтына берген сұхбатында Мельниченко Тұрсыновтың Ресейде дайындалып жатқанын жеткізді.
«Нұрсұлтан Тұрсынов жеке жоспар бойынша дайындалуда. Ол қазір Барнаулда. Жеке бапкері бар қасында. Одан бөлек, спарринг жөніндегі әріптесі Евгений Поливадов бар», — деді бас бапкер.
Нұрсұлтан Тұрсынов Сербияда өткен әлем чемпионатында жартылай финалда сүрінді. Кейін қола медаль үшін күресте жеңіліс тауып, бесінші орын иегерлерінің жолдама үшін таласында жеңіске жеткен еді.
Әзірге, Нұрсұлтан команда сапынан Олимпиадаға лицензия алған жалғыз балуан.
Қалған бес салмақтағы спортшы 19-21 сәуірде Бішкекте өтетін Азия аймақтық іріктеу сынында күреседі.