Грек-рим күресінен Азия чемпионы атанған Ержет Жарлықасынның жеке бапкері Асылжан Байзақов шәкірті жайлы пікірін бөлісті. Бұл туралы Sportplustv.kz сайты хабарлады, деп жазады Sportbugin.kz.
«Мен Таразда аға бапкер қызметінде жүргенде, 2015 жылы Ержетті ауылдағы жаттықтырушысы Нұркен маған әкеліп табыстады. Осы уақытқа дейін жеңіс те, жеңіліс те болды. Жанкүйерлер біледі, биылғы Қазақстан чемпионатында да көп белдесуді айқын басымдықпен жеңді.
Ел чемпионы атанған соң, бапкерлердің шешімімен осы біріншілікке таңдалды. Бішкекке дейін үш кезең оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Мен былтырдан бері мектеп директоры қызметін атқарам. Осылайша соңғы кезде түске дейін кеңседе, түстен кейін күрес залында жүрдім.
Ержет қана емес, ол жерде бірнеше оқушым бар. Ержет өзі табиғатынан тұйық жігіт. Мінезі ауыр, көп сөйлемейді. Бірақ бапкерді сыйлай біледі, айтқанымнан шықпайды. Барлық тапсырманы толық орындайды.
Мен келе алмай жатсам, телефонмен хабарласып: «Ағай, қандай тапсырма, жаттығу жасау керек?» деп сұрайды. Ержет U23 санатында Азия чемпонатының қола жүлдегері, екі жыл қатарынан әлем чемпионатында күресті. Жалпы тәжірибесі толысып келе жатыр.
Осы 23 жасқа дейінгі жастар қатарынан ауысып, биыл ересектер сапындағы алғашқы жылы. Енді аға бапкерлердің не айтатынын күтеміз, бәрі жақсы болса әлем чемпионатына дайындаламыз», — деді Байзақов.
Ержер Жарлықасын Азия чемпионатының финалында жапон балуаны Аята Сузукиден басым түсті.