Грек-рим күресінен 130 келі салмақта Париж Олимпиадасының лицензиясын қоржынға салған Әлімхан Сыздықов осы сәтті 12 жыл күткенін айтты, деп жазады Olympic.kz.
Бішкектегі (Қырғызстан) шешуші белдесуде ол жергілікті балуан Роман Кимді жеңді.
«Жолдама алу үшін үш олимпиадалық циклді күттім. 12 жыл бойы армандаған сәтім бұл. Бұл менің ғана емес, Қазақстанның жеңісі.
Жолдама тағдыры шешілген белдесуде қырғызстандық Роман Киммен кездестім. Онымен бес рет күресіп, бәрінде де жеңіске жеткенмін. Соңғы белдесуде бетімнен шапалақпен ұрып жібергені қатты талқыланып жатыр. Бірақ реніш жоқ. Спорт бар жерде эмоция бар. Сабыр қылдым. Екеуміз кілемде қарсылас болсақ та, өмірде доспыз.
Десе де, бұл белдесуде психологиялық ауыр сәттер көп болды. Тактика біз ойлағандай өрбіген жоқ. Кілемдегі жағдайға бейімделу қиын соқты.
Бәрі жақсы аяқталғанына қуаныштымын», — деді Әлімхан.
Әлімхан Сыздықов грек-рим күресінен Азия чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері.