Ақтөбе облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Ербол Данағұлов пен вице-президенті Данияр Ғалиханов Париж Олимпиадасына жолдама алған Юсуф Батырмұрзаевқа құрмет көрсетті, деп жазады Sportbugin.kz.
Федерация басшылары Олимпиадаға жолдама алған спортшыға көлік мінгізетінін айтып, уәде берген еді. Кеше басшылық тарапы сөзінде тұрып, Юсуф Батырмұрзаевқа 5 мың АҚШ доллары мен автокөліктің кілтін табыс етті.
Ал оның жеке бапкері Бауыржан Нұрмахановқа 5 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы және қажылыққа жолдама берілді.
Сондай-ақ, еркін күрестен Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған Мейрамбек Қартбай да сыйақыдан құр қалмады.
Айта кетелік, Юсуф Батырмұрзаев еркін күрестен 125 келі салмақта Бішкекте өткен Азия аймақтық лицензиялық турнирде жеңіске жетті.
Ал Мейрамбек Қартбай еркін күрестен 57 келі салмақта Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды.