Дзюдодан Гонконгкте аяқталған Азия біріншілігінде Қазақстан ерлер командасы бір қола медаль иеленді. Бас бапкер Нұрбол Сүлейменов спортшылардың неліктен жүлдеге көп ілінбегенін түсіндірді, деп хабарлайды Olympic.kz-ке сілтеме жасап Sportbugin.kz.
«Жаңа жылдан бері қарай балуандарымыз бес ірі турнирге қатысты. Шыны керек, шаршады. Азия чемпионатында басым бөлігі жартылай финалда жеңілді. Психологиялық тұрғыдан тұрақтылық болмады. Оның үстіне, жігіттерді сәл демалтып алу қажет боп тұр.
66 келіде Жанарыс Рахметқали қола медаль иеленді. Бұл жігіттің болашағы зор, былтыр жастар құрамасында өнер көрсеткен. Ғұсман Қырғызбаевтың орнын басатын спортшы да осы. Ал қалған дзюдошыларымыз 5-орынды қанағат етті. Бұл да жаман емес, рейтингілік ұпайларын алды.
Қазіргі таңда біздің командада буын алмасу кезеңі өтіп жатыр. Тәжірибелі спортшылардың орнын жас балуандар басып келеді. Оларды ірі жарыстарға қатыстырып, шыңдап жатырмыз. Мамандар біздің команданың аяқ алысын жақсы бағалауда. Кішкене уақыт керек», — деді бас бапкер.
Дзюдодан Қазақстан құрамасын алда екі ірі жарыс күтіп тұр. Алдымен Душанбеде (Тәжікстан), содан соң Астанада Grand Slam турнирі өтеді.