Санжар Ерұланұлы Ташкентте дзюдодан өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз финалда Жапония өкілі Шокей Хираноны жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Санжар жарысты Германия өкілі Даниил Спиридоновты жеңуден бастады. Кейін Италия балуаны Франческо Маццоннан басым түсіп, ширек финалға жолдама алды. Бұл кезеңде Әзербайжан өкілі Давуд Намазлиден басым болса, жартылай финалда Испания балуаны Никита Юдановты жеңді.
Осылайша, қазақстандық дзюдошы бес белдесуде жеңіске жетіп, әлем чемпионатының алтын жүлдесін иеленді.
Айта кетейік, Санжар Ерұланұлы 2024 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында да топ жарған болатын.
