25-27 сәуір күндері Шалқар қаласында КСРО спорт шебері, ҚР құрметті спорт қайраткері Есенжолов Мұрат Әлімбайұлын еске алуға арналған грек-рим күресінен U-15 ІІ республикалық турнир өткізілді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Қ.Ақшолақов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жиын барысында аудан әкімі атынан бірқатар азаматтарға алғыс хаттар мен естелік алқалар табысталды.
Жарыста Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Атырау облыстарынан және Ақтөбе қаласындағы спорт мектертері мен клубтар, Есет батыр атындағы спорт интернат пен Шалқар қаласындағы В.Н.Цеханович атындағы №1 МБЖСМ 18 командадан барлығы 390 аса палуандар спорттық белбеулер, арнайы тапсырыспен жасалған алтын, күміс, қола медальдарды, арнайы кубоктарды және номинациялар бойынша статуэткаларды саралап, арасынан жеңімпаз, жүлдегерлер анықталды. Жарыс соңында ең үздік палуан мен үздік палуанның жаттықтырушысына, номинациялар бойынша жеңіске жеткен спортшыларға және жарыста әділ төрешілік қызмет көрсеткені үшін төрешілерге ақшалай сыйлық табысталды. Жарысты өткізудің басты мақсаты палуандар арасында достық қарым-қатынас орнату, олардың спорттық шеберлігін шыңдау және ұлағатты ұстаз Мұрат Әлімбайұлының еңбек жолын спорт қауымы арасында насихаттау болып табылады.
Жарысты өткізуге атсалысқан Мұрат Әлімбайұлының отбасына, шәкірттеріне, барлық азаматтар мен азаматшаларға, жарысты ұйымдастырушылар мен демеушілерге алғысымызды білдіреміз!