Душанбедегі Grand Slam турнирін Мағжан Шамшадин күміс медальмен аяқтады. Балуанның бапкері Қален Қалиұлының айтуынша, спортшы финалда бір қателік жіберген, деп жазады Sportbugin.kz.
«Бұл Мағжанның ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы жарысы. Финалда жергілікті тәжік балуанына есе жіберді. Қарсыласы да осал емес. Жақсы күресіп жүрген жігіт. Душанбеде мен деген мықтыларды қатардан шығарды. Өз жеріңде күрескенде қабырға да үлкен көмек қой.
Негізі, финалда Шамшадин екі ескерту саны бойынша ұтып келе жатқан. Бірақ артық әңгіме болмау үшін, қарсыласын айқын жеңгісі келді. Соған асықты да, өзі әдіске түсіп қалды.
Десе де, осыншама үзілістен соң күміс те жаман емес. Жарақаты да мазалап жүрген жоқ. Енді алдағы жарыстарға ден қоямыз», — деді Қален Қалиұлы.
Мағжан Шамшадин 2023 жылдың қарашасынан кейін татамиге шыққан жоқ. Ол бірнеше ай бойы жарақатын емдеген болатын.