Жарақатына байланысты ұзақ уақыттан кейін татамиге оралған Мағжан Шамшадин Душанбедегі Grand Slam турнирін қорытындылап, алтын медаль алу үшін ненің кедергі болғанын айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
«Жарыстың жартылай финалында қабырғамды ауыртып алдым. Бапкерлерім ақтық сында күреспегенімді қалады. Қанша дегенмен, алда екі ірі жарыс бар. Соған өзімді сақтағаным да дұрыс қой. Бірақ күрескім келді. Әнұранды ойнатқым келді. Өзіме сенімді болдым. Тек ағайларым айтқан тактиканы ұстанбай, қызбалыққа салынып кеткенім кедергі болды. Салыстырмалы түрде қарасақ, алты ай үзілістен соң күміс медаль алу да жаман емес. Бірақ іште: «Әнұран ойнатқанда ғой» деген арман тұрады», — дейді Шамшадин.
Спортшы жарты жылдық үзілістен соң күреске қайта оралудың аса қиын болмағанын айтады.
«Алты айдан кейін татамиге шығып тұрмын. Бірінші, екінші белдесуде күресті сезіне алмадым. Содан кейін ғана қолым икемге келе бастады. Үзілістен кейінгі бірінші жарыста тұғырға шықтым. Енді содан түспеу керек. Алда Астанада өтетін Grand Slam турнирі бар. Сол жарыста жанкүйерлердің қолдауымен, жақсы нәтиже көрсетсек деген үміт бар. Көп ұзамай әлем чемпионаты да басталады. Жарақат кез келген спортшыны қажытады. Осындай сәтте теріс айналмай, қолдау көрсеткен Федерация басшыларына, спорт саласындағы жетекшілерге, жеке бапкерлеріме шын алғысымды айтамын. Шетелде ота жасатуға қаражат тауып бергендері қатты қуантты. Егер ота жасалмағанда, осы жарақатпен күресіп, жүре берер ме едім. Енді маған артқан сенімдерін ақтауға тырысамын. Сондай-ақ, спортта жол көрсеткен ағаларға да алғысым шексіз. Елдос Сметов, Рустам Ибраев, Азамат Мұқанов, Елдос Жұмақанов, Жансай Смағұлов, Айбек Имашев сынды алдыңғы буыннан үйренгеніміз өте көп. Азамат ағамыз ауырту әдісін қалай жасауды үйретсе, Айбек ағамыз қылғындыру әдісін түсіндіріп беретін. Елдос ағамыздың ақыл-кеңестері бар. Бәрі бізге үлкен сабақ болды», — дейді Мағжан.