Қазақстан күрес федерациясы елімізге танымал жаттықтырушы, Демеу Жадыраев, Алмат Кебіспаев сынды үздіктердің жеке бапкері Боранбек Қоңыратовты жыл соңына дейін жарыстардан шеттетті. Федерация мәліметінше, бұған бапкердің төрешілерге қысым көрсетуі себеп болған. Осы орайда, Sportbugin.kz бапкердің жеке пікірін білді.
Еске сала кетейік, Боранбек Қоңыратов Алматы облысында өткен жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында тәртіп бұзғаны үшін жазаға тартылған.
«Спортта жүргеніме қанша жыл болды. Мұндай жағдайларға үйреніп қалғам. Аяқтан шалу деген біз үшін үйреншікті жайт.
Сол күнгі жағдайға оралар болсам, мен кілемге жүгіріп шығып, төрешіні ұрғаным жоқ. Бірақ төреші шешіміне риза еместігімді айтып, қастарына барғаным рас. Даусым қатты шығып, дөрекі сөйлегенімді де жасырмаймын. Өйткені, спорт – үлкен эмоция. Қаның қызып тұрғанда неше түрлі нәрсе айтуың да мүмкін. Оның үстіне, сенің шәкіртіңе қатысты әділетсіздік көрсетіп жатса, тіпті, ашуланасың.
Менің балуаным күресіп жатқанда, қарсылас тарап челлендж сұрады. Сол кезде Игорь Лигай бастаған төрешілер қарсылас жақ сұраған сол сәттегі эпизодты қарамай, бір минут бұрын болған күресті көрсете бастады. Осы кезде мен мұның дұрыс еместігін айттым, қастарына бардым, эмоциямды жасыра алмадым. Содан соң, осындай шешім шықты.
Иә, қазір жыл соңына дейін жарыстарға бара алмаймын. Демеу Бішкекте күрескенде де алыстан нұсқау беріп отырдым. Олимпиада кезінде де сөйтермін. Бірақ төреші мен бапкер арасындағы кикілжің көптеген спорт түрінде бар. Әлем сүйіп көретін футболда да төрешіге қарсылық көрсетіп жатады. Бұл әрекетімді осылай ғана түсіндіремін.
Біз әрі қарай жұмыс істей береміз. Демеу Жадыраевпен бірге Олимпиада ойындарына дайындаламыз», — деді Қоңыратов.
Боранбек Қоңыратов (грек-рим күресі, Алматы облысы) 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін республикалық және халықаралық жарыстардан, сондай-ақ, жас ерекшелігінен тыс ұлттық құрама командалардың оқу-жаттығу жиындарынан шеттетілді.