Қазақстан жасөспірімдер құрамасы теннистен 16 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан Дэвис кубогы Азия – Тынық мұхит аймағындағы іріктеу турнирінде топ жарды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Ширек финалда Сергей Квактың шәкірттері әлемдегі үздік құрамалардың бірі, жасөспірімдер арасында Дэвис кубогының алты дүркін чемпионы Австралия құрамасын 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Кэмерон Бертонды 6:3, 6:0 есебімен ұтқан Дамир Жалғасбай Қазақстанға бірінші ұпайды әперді. Содан кейін Заңғар Нұрланұлы «Үлкен дулыға» турнирінің екі дүркін жеңімпазы Ллейтон Хьюиттың ұлы – Круз Хьюитты тас-талқан етіп жеңді – 6:1, 6:0.
Өткен жылы да ширек финалда қазақстандықтар Австралияны 2:0 есебімен қапы қалдырған еді. Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алдағы күзде 16 жасқа дейінгілер арасында Дэвис кубогының финалдық кезеңінде екінші жыл қатарынан бақ сынайды.
Ертең, 24 мамыр күні қазақстандықтар жартылай финалда Корея немесе Гонконг құрамасымен кездеседі.