Перудің Лима қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде Қазақстан қоржыны үш медальмен толықты. Оның екеуі — алтын, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Ерлер арасында Нұрдос Сабыр чемпион атанды. Ол 89 келіге дейінгі салмақта 333 келіні бағындырған. Күміс медальді Армения, қоланы Өзбекстан спортшылары иеленді.
Қыздар арасында 76 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Аянат Жұмағалиге тең келер ешкім болмады. Ол қоссайыста 222 келіні еңсерген. Күмісті Финляндия, қоланы Үндістан зілтемершілері жеңіп алды.
Нұрдос Сабыр мен Аянат Жұмағали Қызылордадағы ауыр атлетика мектебінің түлектері.
Ал 81 келі салмақта өнер көрсеткен Сәния Орманбаева 201 келіні көтеріп, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Осылайша, Қазақстан еншісінде 4 медаль бар. Бұған дейін Ақжол Құрманбек (67 келі) күміске қол жеткізген болатын.