Бокстан Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков те қазақ боксындағы жеңісті дәстүрдің үзілуіне қатысты өз пікірін айтты. Бұл туралы Sportplusetv.kz сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz хабарлайды.
«Біздің буын мен қазіргі құрамның айырмашылығы өте көп. Ең басты ерекшелік, әрине, заманның өзгеруі. Бізде тәртіп қатал болды. Сидней Олимпиадасына барған жеті олимпиадашының төртеуі финалға шықты. 1996 жылғы жазғы Олимпиадада Қазақстанның қайда екенін шетелдіктер білмейтін. Ал 2000 жылдан кейін барлық боксшылар бізге қарсы дайындалады. Бізге босамау керек!
Токио Олимпиадасынан кейін жақсы команда жасақтап үлгердік пе? Меніңше, үлгердік. Қазіргі команадада екі жігіт екінші Олимпиадасына бара жатыр. Олар – Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев. Екеуі де Олимпиаданың не екенін біледі, атмосферасын сезінген. Одан бөлек, ағайынды Оралбайлар Италиядағы іріктеу турнирінде өте жақсы өнер көрсетті. Махмұд Сабырхан бар.
Біз күтпеген нәтиже де болуы мүмкін. Кім ойлады, Сиднейде Бекзат Саттарханов чемпион болады деп?! Сондықтан, алтын болады деген ниеттеміз. Қазақтың бокстағы жеңісті дәстүрін қайталау үшін қазір бар күш салынып жатыр. Федерацияға жаңа басшылар келді. Олар құрама қайда жаттығамын десе, бәріне жағдай жасауда.
Жігіттерге тек шаршы алаңға шығып, жеңіске жету ғана қалды. Париж ойындарына екі айдай уақыт бар. Жолдама қоржынымыз да жаман емес. Бір өткел ғана қалып тұр. Париж Олимпиадасынан кейін қазақ боксы жеңісті дәстүрге қайта оралады деп ойлаймын», — дейді Ділдәбеков.