Дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі Кәмилә Берліқаш отбасылық өмірі жайлы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ «Спорт министрі» Youtube арнасы хабарлады.
Камила Берліқаштың жұбайы Ислам Тоқтасын да дзюдошы. Олар 2022 жылы отау құрған. Дзюдошы қыз ата-енесімен қарым-қатынасы туралы айтты.
«Менің ата-енем жас, бәрін түсінетін адамдар. Жолдасым маған үйленуге ұсыныс жасаған кезде оған 2024 жылы жарыстарға қатысатынымды, ал 2028 жылы Олимпиадаға қатысқым келетінін айтқанмын. Сол себепті ата-енем мазаламайды. Олар Алматының шетінде тұрады, әрдайым барып тұрамыз. Атам үнемі мен қатысатын жарыстарды қарап, маған жанкүйер болып отырады. Ал келіндік қызметтерді атқармаймын», — деді Камила.
Айта кетейік, +78 кг салмақта белдесетін Камила биыл Париж Олимпиадасында Қазақстан намысын қорғайды. Париждегі додада дзюдо жарыстары 27 шілде мен 3 тамыз аралығына жоспарланған.