Санаулы күндерден соң дүйім жұрт асыға күткен Париж Олимпиадасы басталады. Бұл бәсекеге алғаш болып жолдама алған отандық спортшылардың бірі – Азамат Дәулетбеков. Еркін күрес шебері соңғы үш жылда тұрақты нәтижесімен көзге түскен балуан. Токио Олимпиадасынан сырт қалған ол содан кейінгі аралықта әлем чемпионатында екі рет жүлде алып, Азия біріншілігінде үш рет топ жарды. Бүгін біз білекті балуанымыз бен оның қарсыластарына аз-кем тоқталмақпыз, деп жазады ҰОК сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Азамат Дәулетбековтің үлкен спорттағы басты жетістіктері 2017 жылдан бастау алады. Сол жылы ол Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанса, келесі жылы қола медальға қол жеткізді. Өкінішке қарай, Токио Олимпиадасына іріктеуден өте алмады. 2021 жылы Алматыда өткен аймақтық лицензиялық турнир де, Софияда (Болгария) өткен әлемдік іріктеу додасы да Азаматқа бағынған жоқ.
Араға жыл салып, Азамат әлемдік спортқа үлкен жігермен оралды. Атап айтқанда, Белград (Сербия) кілемі біздің балуанға сәтті болды. Дәулетбеков 2022 және 2023 жылғы әлем чемпионаттарында қатарынан екі қола медаль жеңіп алды. Екі біріншілікте де Азаматтың жолын америкалық Дэвид Тейлор кесті. Ол алдымен 0:12, кейін 0:7 есебімен жеңіске жеткен. Айта кететін жайт, соңғы әлем біріншілігінің қола медалімен бірге, Дәулетбеков Париж Олимпиадасының жолдамасын да қоржынға салған еді.
Шығыс Қазақстан облысының өкілі командаласы Дәулет Ниязбековтің жетістігін қайталап, Азия чемпионатында үш рет топ жарды. Алдымен Ұлан-Батырда (Моңғолия, 2022), кейін Алматыда (2023), ал биыл Бішкекте (Қырғызстан) өткен сары құрлық додасында қарсылас шыдатқан жоқ. Ханчжоудағы Азия ойындарында (2023) жүлдесіз қалғанымен, бұл олқылықтың орнын құрлықтық сындағы чемпиондық атақ толтырды.
Олимпиада қарсаңындағы маусым Азамат үшін жаман басталған жоқ. Қаңтар айында Zagreb Open -2024 турнирінде финалға дейін жетіп, ақтын сында Болгария атынан белдесетін дағыстандық Магомед Рамазановқа есе жіберді.
Ал маусым айында Венгрияда өткен рейтингілік жарыста Дәулетбековке жүлде бұйырмады. Ол турнирдің жартылай финалында даңқты ирандық Хасан Язданиге 0:10 есебімен есе жіберіп, қола медаль үшін күресте жапондық Ишигура Хаятодан жеңілді.
Біз бұл жеңіліс Олимпиада алдында Азаматты қамшылай түседі деген сенімдеміз. Енді оның басты қарсыластарына тоқталайық.
Париж Олимпиадасына Дәулетбековтің басты қарсыластарының бірі, Токио Олимпиадасының чемпионы әрі үш дүркін әлем чемпионы Дэвид Тейлор қатыспайды. Ол АҚШ-тың ішкі біріншілігінде Аарон Брукустан жеңіліп қалды.
Соңғы рейтингілік турнирде топ жарып, иығындағы жарақатын емдеп келген Хасан Язданидің чемпион атанатын мүмкіндігі жоғары. Яздани Рио Олимпиадасының жеңімпазы, үш дүркін әлем чемпионы. Ирандық балуан біздің Азамат Дәулетбековты төрт рет жеңді: алдымен 2017 жылы Парижде өткен әлем біріншілігінде, содан соң 2018 жылғы Бішкектегі Азия чемпионатында, Болат Тұрлыханов мемориалында (2022) және Венгриядағы рейтингілік турнирде (2024). Яздани бұл салмақтың басты қаһарманы саналады.
86 келі салмақта Дәулетбековке көп қауіп төндіретін балуандар – Дағыстанда туылып, Еуропа елдеріне шашырап кеткен кавказдық спортшылар. Мәселен, Өзбекстан атынан сынға түсетін Джабрайыл Шәпиев. Ол Дәулетбековтен Токио Олимпиадасына іріктеу турнирінде және Азия ойындарында басым түсті. Азамат биылғы Азия біріншілігінде ғана есе қайтара алды.
Болгария атынан белдесетін Магомед Рамазанов та биыл Хорватияда өткен рейтингілік турнирдің финалында Дәулетбековті алтыннан қақты.
Үш дүркін Еуропа чемпионы, бүгінде Грекия атынан белдесетін Дәурен Куруглиев те кез келген балуанды жарыс жолынан шығара алады.
Америкада туылып, Сан-Марина атынан күресетін, әлем чемпионатының қола жүлдегері Майл Амине де біздің балуанға қауіпті қарсыластың бірі. Соңғы рейтингілік турнирде Азамат аздаған ұпай айырмасымен Аминені жеңіп кетті.
Жапондық Ишигуро Хаято, әзербайжандық Осман Нурмогамедов, моңғолиялық Бат Эрдэнэ Бямбасурэн, грузиялық Владимир Гамкрелидзелердің ешқайсысы Олимпиадаға жеңілу үшін бармайтыны анық.
Азамат Дәулетбеков соңғы үш жылдағыдай тұрақты нәтижесін сақтап, өзінің бар күшін салса, Олимпиада тұғырынан көрінеді деген үміт басым.