WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының жаңа зеландиялық боксшы Андрей Михайловичпен кездесу алдында ауруханаға түсті, деп жазады Sportbugin.kz.
Отандасымыз салмақ қуу кезінде есінен танып қалған. Бұл туралы боксшының менеджері Берік Сұлтан әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Құрметті ағайындар! Жекпе-жек болмайды деген жаңалықты оқып сіздердің де көңіл күйлеріңіз түскенін білеміз. Себебі жанашыр, тілеулес екендеріңізді білеміз. Әлемнің түкпір-түкпірінен қаншама жанкүйер өнерімізді көрсек деп асыға күтті.
Біз де рингте Qazaq style-ды көрсету үшін барымызды салып дайындалдық. Дегенмен өзге спортшылар секілді біз де салмақ қуу кезінде қиындыққа тап болдық. Бірінші рет осындай жағдайды бастан өткеріп отырмыз. Оңай емес екен.
Түнімен ауруханада болдық. Мұны да көру керек болған шығар. Қазір Жәнібектің жағдайы бірқалыпты. Денсаулық бірінші орында екенін білесіздер. Бұйыртса 2-3 айда қалыпқа келіп, рингке қайта ораламыз. Тілеулес жандарға мың алғыс. Ауырмаңыздар! Құрметпен, Qazaq style командасы», — деп жазды Берік Сұлтан.
Еске сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы мен Андрей Михайловичтің жекпе-жегі Лас-Вегасте (АҚШ) 13 шілде күні түнде өтуі тиіс еді.