Дзюдодан Қазақстан әйелдер командасының үздігі Абиба Әбужақынова Париждегі жазғы Олимпиадаға толық дайын екенін мәлімдеді, деп жазады Sportbugin.kz.
Спортшы әйелдер арасындағы ең жеңіл салмақ — 48 келіде белдеседі.
«Олимпиада алдындағы оқу-жаттығу жиындары өзімнің ойлағанымыдай өтті. Олимпиадаға 100 пайыз дайынмын. Осыған дейінгі қатысқан әлемдік додаларда жүлдесіз қайтқан жоқпын. Бұл жолы да жүлдеге қол жеткізу басты мақсатым.
Мен 27 шілде күні әйелдер арасында бірінші болып, жарысқа шығамын. Маған жанкүйер болыңыздар!
Әр спортшының арманы – Олимпиада алтыны. Менің де арманым сол алтынға қол жеткізу. Финалға дейін сүрінбей жетіп, алтынға талассам деген мақсатпен Парижге аттанып бара жатырмын», — деді спортшы Kazinform.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Абиба Әбужақынова қазақ қыздары арасынан шыққан дзюдодан әлем біріншілігінің тұңғыш жүлдегері. Ол әлем чемпионаттарында екі рет қола медаль жеңіп алған.