Бокстан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов Париж Олимпиадасының жеребесіне қатысты өз пікірін айтты, деп жазады Sportarena.kz сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
«Сәкен Бибосынов түрік боксшысын ұтуы керек. Бибосынов боксшы ретінде қалыптасқан. Жақсы спортшы. Түрік қарсыласына қарағанда тәжірибесімол. Ал әрі қарай болжам жасау қиын. Хасанбай мен Сәкен бір-бірін өте жақсы біледі. Үш рет кездескен. Енді бәрін де нюанстар шешеді. Кімнің физикалық дайындығы мен жүйкесі мықты болса, сол жеңеді.
Досматовтың сәл ғана басымдығы бар. Ол Сәкенді екі рет жеңіп кеткен. Ал біздің жігіт Хасанбайды жеңу үшін не істеу қажеттігін жақсы біледі. Мен бұрыннан бері айтып жүрген нәрсе бар. Ең бастысы – команданы Олимпиадаға сауатты түрде дайындап апару. Бұл Риода сәтті өтті, Токиода команда құрдымға кетті. Енді Парижде бапкерлердің не істейтінін көреміз», — деді Тұрсынов.
Еске салайық, алғашқы айналымда Сәкен Бибосынов түркиялық боксшымен кездеседі. Ал оны жеңген жағдайда өзбекстандық Хасанбай Досматовпен жолығады.