Алматы облыстық күрес федерациясының басшысы әрі бұрынғы балуан Дамир Күзембаев Париж Олимпиадасында күміс медаль иеленген Демеу Жадыраевтың ерлігі жайлы айтты.
Федерация басшысының пікірінше, Демеу жыл өткен сайын шебергілі артып, салмақ ауыстырған сайын нәтижесі жақсара түскен бірегей балуан. «Мен күресіп жүргенде, Демеу екеуміз бір бөлмеде тұратынбыз. Оның еңбекқорлығы мен адамгершілігі жайлы таңды таңға ұрып әңгімелеуге болады. Әлі есімде, Спорт және туризм академиясында бірге оқыдық. Сол кезде ол «Барахолка» базарының артқы жағында тұратын. Сол жерден академияға жаяу келеді. Сабақтан шыққан соң «Достық» залына жаттығуға барады да, әрі қарай жаяу үйіне қайтады. Ойлаңызшы, қаншама шақырымдарды басып өтеді?! Қиындықтан қашпайтын, өте еңбекқор жігіт. Әрдайым көмектесуге дайын тұрады, адамгершілігіне бас иемін. Ал оның кітапқа деген махаббаты бөлек әңгіме. Жаттығу жиынына келген сайын өзімен бір кітап алып келетін де, соны жиын біткенше оқып тастайтын. Демеу сияқты кітап оқитын адамдар да аз шығар қазір. Демеудің бұл жеңісі бізді серпілтіп тастады. Бұл қазақтың күмісі ғой. Оның барлық еңбегі өтеліп, қиыншылықтары артта қалып, Олимпиада тұғырында қасқайып тұрғанына қуаныштымын», — дейді Күзембаев.
Сондай-ақ облыстық федерация басшысы Демеу Жадыраевтың Париждегі белдесулеріне баға берді. «Демеу бұрын 66 келіде күресетін. Рио Олимпиадасынан кейін 71 келіге ауысып, Париждегі әлем чемпионатында күміс медаль иеленді. Токио Олимпиадасына 77 келі салмақта барып, алғашқы ондыққа кірді. Ол өткен Олимпиадада жаман күрескен жоқ. Кішігірім қателік салдарынан жеңілді. Былтырғы әлем чемпионатында да жүлде алатын жерден сүрінді. Ал осы жазғы ойындарға Демеу бабында барыпты. Оның күресі мүлде өзгерген, жетілген. Қатты қуандық. Демеу қай салмаққа барса да, одан сайын жетіле түсетін, шыңдала түсетін, нәтиже көрсетпей кетпейтін жігіт. Демеудің күмісі біз үшін алтынмен бірдей», — дейді ол.
Қазіргі таңда Алматы облыстық күрес федерациясы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Олимпиаданың күміс жүлдегерін құрметпен қарсы алуға дайындалып жатыр.