18-24 қараша аралығында Армения астанасы Ереван күрес түрлерінен әскерилер арасындағы әлем біріншілігін қабылдайды. Аталған сынға Қазақстан командасы да қатысады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Қазақстан күрес федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасовтың айтуынша, қазіргі таңда отандық балуандар әлемдік сынға сақадай сай.
«Әскерилер арасындағы әлем біріншілігі биылғы маусымды қорытындылайтын әлемдік турнирлердің бірі. Бұл бәсекеге танымал балуандарымызды үкілеп қосып отырмыз. Атап айтар болсам, әлем чемпионатының жүлдегерлері Мейіржан Шермаханбет пен Айдос Сұлтанғали, жастар арасындағы әлем чемпионы Исхар Құрбаев, Олимпиада қатысушысы Әлімхан Сыздықов, Азия чемпионатының жүлдегері Марина Седнева сынды спортшылар бар. Бұл жарыстан жүлделі ораларымызға сенімдімін», — дейді Дәурен Жабасов.
Турнирде күресетін Қазақстан құрамасының толық тізімі төмендегідей:
Еркін күрес: Дәулет Теміржанов (57 келі), Асылжан Есенгелді (61 келі), Майис Алиев (65 келі), Мейіржан Әшіров (70 келі), Нұрдәулет Сейілбеков (74 келі), Нұрдәулет Әжіқұл (79 келі), Рүстем Мырзағалиев (86 келі), Самир Дурсунов (92 келі), Камиль Куруглиев (97 келі).
Әйелдер күресі: Светлана Акинчева (50 келі), Марина Седнева (55 келі), Гүлмарал Еркебаева (76 келі).
Грек-рим күресі: Исхар Құрбаев (55 келі), Айдос Сұлтанғали (60 келі), Мейіржан Шермаханбет (72 келі), Асхат Ділмұхамедов (77 келі), Алмир Төлебаев (82 келі), Диас Қален (87 келі), Әлімхан Сыздықов (130 келі).