Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Гран-при сериясының финалына шыққан тұңғыш қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы атанды, деп хабарлайды Sportbugin.kz
Шайдоров Қытайдағы Гран-приде күміс жеңіп алды. Бұл оған финалдың резервтік тізімін бастауға мүмкіндік берді. Ал бүгін, 27 қарашада француз мәнерлеп сырғанаушы Адам Сяо Хим Фа соңғы жарыста тобығын жарақаттап, Гран-при финалынан шығып қалғаны белгілі болды. Осыған орай, Михаил Шайдоров резервтік тізімнің көшбасшысы ретінде финалға қатысуға шақырту алды. Гран-при финалы 5-8 желтоқсан аралығында Францияда өтеді. Мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы Гран-при финалында қазақстандық спортшыдан бөлек Илья Малинин (АҚШ), Юма Кагияма, Сюн Сато (екеуі де Жапония), Кевин Аймо (Франция) және Даниэл Грассль (Италия) өнер көрсетеді.