Боранбек Қоңыратов Әлем біріншіліктері мен Азия ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері Алмат Кебіспаевтың 2014 жылы Азия ойындарындағы сынған жақпен қола жүлдеге қалай таласқаны туралы спорт журналисті Ақырыс Сейтқазымен сұхбатында бөлісті, деп хабарлайды Sportbugin.kz
Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Боранбек Қоңыратов спортшылардың күтпеген жағдайларынан қалай шығатынын, кейінгі қалпына келу жұмыстарының маңыздылығын айтып берді. «Кілемде ондай жағдай болады деп ешкім ойламайды. Қарсыласы кореялық спортшы жақсы палуан. Алмат та мықты. Сондай сәтсіз жағдай болып, Алматтың жағы сынып кетті. Ол қиын накаут алып қалды. Кейін жаттығу бөлмесінде де бірнеше рет есінен танып қалды. Қатты қорқып кеттім. Сол кезде мендегі қорқыныш — есінен танып қалып, қорқынышты салдарлары болса, не істейміз? Сол үшін жіті бақылап отырдым. Есін жинау үшін, су шашып, дауысымды көтіріп қолдан келгенді істедім. Сол уақытта жанымызда Әлем біріншілігінің жүлдегерлері Дәулет Шабанбаев пен Дәулет Ниязбеков болды, екеуі менің сол уақытта қалай алысқанымды көрді. 2-3 сағат сол Алматтың жағдайымен алыстым. Кейін қолаға күресеміз деп шешім қабылдадық. Бекер келдік пе деп қатысуға қол қойдық. Сол кезде оның жағы сынғанын білмейміз. Ет қызуымен жүре берді. 3 сағаттан кейін шығып, автоматпен күресіп, ұтып шықты. Кейін шығып, «Ағай, мен күресемін» дейді. Болды бітті деп тоқтатып, содан кейін ғана ұтқанын түсінді. Екпінмен, мінезбен шығып, қола жүлде алып келді. Кейін барынша есінен танып қалмауы үшін барлығын істедік».
Бапкер сол жағдайдан кейін федерация тарапынан болған көмекке ризашылығын білдірді. «Қазақстанға келгеннен кейін Алматыдағы операциясын федерация төлеп берді. Жағы сынған, үлкен сүйегі екен. Жанында өзіміз болдық. Одан кейін бірнеше рет Әлем біріншілігінің жүлдегері бола алды. Кейін де байқап жүрдім, еш кемшілігі жоқ. Қазір барлығы жақсы екендігіне қуанамын» — деді бапкер.