Олимпиада ойындарында Тунис елінің ұлттық құрамасын басқарып, екі медаль жеңіп алған бапкер Есбол Сұлтанов бүгінде таеквондодан Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасына келгенін, алдағы жоспары жайында спорт журналисі Ақырыс Сейітқазыға берген сұхбатында айтып берді.
Есбол Сұлтановтың айтуынша, бір жыл Тунис құрамасымен жұмыс істеп, жақсы нәтиже көрсеткен. Тіпті Бүкіләлемдік таэквандо федерациясының марапатын алып, әлемнің үздік бапкері атанған.
– Спорттық, яки бапкерлік карьерамның шыңына жеттім. Олимпиада чемпионын шығарып, ел тарихын жаңарттық. Бүкіл дүниежүзі көрді, мойындады. Бәріне қазақтың таэквандосын көрсеттік. Енді бар тәжірибемді, білімімді қазақтың балаларына берсем деймін. Қазақтан сондай бір чемпион шықса, көкте көктуымыз желбіресе, екі есе қуанар едік. Ең бірінші осындай арманмен, ниетпен Қазақстанға келдім. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының менің атымды атап тұрып, таэквандо спортын айтқанда «Елге кел, елге қызмет ет» деп түсіндім, – дейді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Есбол Сұлтанов.
Айтуынша, Бас бапкер өткен аптада Астанаға барып, Спорт комитетінің төрағасы және Спорт министрімен кездесіп, жаңа реформалардың қолға алынатынын жеткізді.