Жақында ғана таеквондодан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалған Есбол Сұлтановқа күйе жағып, арандатылғанын спортқа баласын баулыған ана Сымбат Әбдірахманова мойындап, спорт журналисті Ақырыс Сейітқазының YouTube арнасында берген сұхбатында ағынан жарылды.
– Олимпиадада Тунис елінің жігіттері орын алып, Есболдың қуанышын көргенде көзіме жас алдым. Мына баланың жолын кестім-ау. Бұ балаға қандай қара күйе жақтық, жерден алып жерге салдық. Пендешілікпен, ойымызға келгенін істедік. Шындығында, бұл баланы өзімізге сыйдырмадық. Алланың құдіретінің күштілігі соншалық Тунисте жарқырап шығарды. Сол кезде ойландым. Көрдің бе, әлі де кеш емес, ештен кеш жақсы, – дейді Сымбат Әбдірахманова.
Сымбат Әбдірахманова айтуынша, алды-артын таразыламай, сөзге еріп кеткен.
– Ол менің балама ештеңе істеген жоқ. Менің балама қол тигізіп, балаң осындай деп айтып көрмеген. Арандатылып, басым істемей кеткенім рас. Мұны мен мойындаймын. Бұ дүниеде кезікпесем, де о дүниеде кезігеміз. Бір күндікпен өмір сүрмей қателігімді мойындайын деп келіп отырмын. Кикілжің кезінде бұ балаға өзім жүгірдім, ол қолымды қағып салды. Мен соны дауға шығардым. Бұл баланың өміріне кедергі келтірдім. Әйтпесе ұлттық құрамада жүретін бала ғой. Туниске ол неге кетеді? Жақсы, жаман болсын ол өзіміздің қазақ. Біз қазақ бір-бірімізге жауласпауымыз керек. Сол жауласқанның кесірінен арамыз ажырап, спортымыз ақсап жатыр, – деді Сымбат Әбдірахманова.