2025 жылы Туринде (Италия) өтіп жатқан Универсиаданың қола жүлдегері атанған қазақстандық биатлоншы Кирилл Бауэр өз әсерімен бөлісті, деп жазады Sportbugin.kz.
— Бүгінгі жарыстың бастамасы эмоционалды және психологиялық тұрғыда өте қиын болды. Бұл – соңғы жарысым. Бар күшімізді салып, демалыссыз жұмыс істейміз. Бұл менің екінші Универсиадам, бұрын төртінші-бесінші орындарды алғанмын. Осы жолы өз-өзімді қолға алып, мінезімнің арқасында үшінші орынға жеттім. Шышын айту керек, қысым қатты болды.
Соңғы айналымда психологиялық тұрғыда өткере алмадым. Салдарынан үш рет қателесіп, мүмкіндікті жіберіп алдым. Алайда мәреге жетіп, өзгелерге дес бермеуге тырыстым. Ертең біз әлем кубогының кезеңіне көшеміз, содан кейін Азия ойындарына дайындаламыз. Ал Азия ойындарында «алтын» медалін еншілеу үшін қолымыздан келгеннің бәрін істейміз», — деді спортшы.
Бауэр 15 шақырымдық масс-стартта үшінші болып мәреге жетті. Француз Натанаэль Пекен мен швециялық Карл Грёнланд ғана қашықтықты Кириллден жылдам бағындырды.