Каратэден Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева Олимпиададан жүлдемен оралған соң Шымкент әкімдігі атынан берілген пәтерді әлі күнге дейін өз атына аудара алмай жүр екен. Бұл туралы ол Aqyrys Seitqazy YouTube арнасында айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
Софья Берульцева Токио Олимпиадасынан кейін мемлекет тарапынан бекітілген ереже бойынша марапаттың бәрін алғанын жеткізді.
– Біз Олимпиададан оралғанда Шымкент атынан OTAU GROUP көлік берді, ал мемлекет тарапынан 25 мың АҚШ доллары есепшотқа түсті. Әкімдік атынан пәтер берілді. Бірақ осы берілген пәтер әлі де өз атымызға аударылған жоқ. Олар болса 10 жыл өткеннен кейін атымызға ауыстырамыз дейді. Десе де, құдай сақтасын біреуден допинг шығып қалса, халықтың алдында ыңғайсыз жаңдайда қаламыз. Екінші жағынан 10 жылдың ішінде қанша әкім ауысады, заң да өзгереді. Сол жағынан алып қарасақ, өте қорқынышты дүние. Он жылдың ішінде не боларын кім білсін, он жыл деген аз уақыт емес, – дейді Софья Берульцева.
Оның айтуынша, қазір сол пәтер бос тұр. Алыста орналасқандықтан жүріп-тұруы қиын.
– Арасында барып тұрамын. Басқаға қандай пәтер берілгенін білмеймін, өтірік айтпайын. Бірақ бізге жаңадан соғылған тұрғын үйден берілмеді. Өйткені онда бізге дейін адамдар тұрған. Халықтың әлеуметтік осал тобына арналған үйден берілген. Мәселен, бір көршім балалар үйінде шыққан. Екіншісі көпбалалы ана, балаларын бір өзі өсіріп отыр, – деді ол.