Еркін күрестен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпановтің келіншегі Марина Седнева отбасылық өмірдің қиындығын еске алып, қазақша сөөйлеуді бір айда үйренгенін айтты. Бұл туралы ол Aqyrys Seitqazy YouTube арнасында айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
Оның айтуынша, Нұрқожа Мәриямға қазақша үйренуіне бір ай ғана уақыт берген.
– Нұрқожа «Ертең анам екеуің үйде жүргенде қалай түсінесесіңдер» деп маған қазақша сөйлеп үйренуге бір ай берді. Негізі қазақша түсінемін, бірақ емін-еркін сөйлесе алмаймын. Дәл сол кез карантин уақыты, біз бір, бір жарым айдай жиында болдық. Ешқайда шықпаймыз. Сонда ғой, Нұрқожа «бір айда қазақша үйрен» дегені. Бір кітап сатып алдым. Әлгі кітапты күнде бөлмеде оқыимын. Үйге келін болып барған соң үй ішіндегілердің бәрі қазақша сөйлегеннен мен де сөйлеп кеттім, – дейді Марина Седнева.
Сөйтіп ол бір жылдың ішінде, бала күтіміне байланысты алған демалыста қазақша сөйлеп үйренген.
– Жарыстан кейін «сборға» барғанмын ғой, «бірауыз сөз қазақша білмейтін едің, қалай сөйлеп жүрсің» деп бапкерлер мен қыздардың бәрі таң қалды, – деді ол.
Мәриямның сөзінше, ол күнде ата-енесіне сәлем салады екен. Журналистің отбасылық өмірдің қиындығы болмады ма деген сұрағына: «Қиын болмады, бәрін ата-енем айтып отырады. Ата-енеме күнде сәлем саламын» деді ол.
Айтар болсақ, Марина Седнеева-Қайпанова жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, сондай-ақ 2019 жылғы ересектер арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалисті, әскерилер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері.