
Бокстан Болгарияда өтіп жатқан халықаралық «Странджа» турнирінен біз күтпеген екі жаңалық келді. Кешегі жарыс күнінде Махмұд Сабырхан (54 келі) денсаулығына байланысты кездесуге шыға алмай қалса, Санжар Тәшкенбай (48 келі) жекпе-жек кезінде қолынан жарақат алып, жарысты тоқтатты. Осыған орай, Sportbugin.kz тілшісі Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Рауан Игеневке хабарласқан болатын.
«Болгарияға команданы федерацияның бас хатшысы Мерей Ақшалов бастап кетті. Мен басқа шаруалар бойынша елде қалдым, сәт сайын құрамамен байланысып отырмыз.
Махмұдқа келер болсақ, оның расында денсаулығы сыр берді. Дәрігерлер азғантай уақыт шаршы алаңға шығуға болмайтынын айтты. 15 қаңтардан бері Махмұд командамен бірге жаттығу жиынында жүр. Бұған дейін денсаулығында қандай да бір өзгеріс кездескен жоқ. Спортшы болған соң, денсаулыққа үнемі күш түседі. Жаттығу, салмақ қуу дегендей, әрдайым ағзаға ауырлық болады. Елге келген соң міндетті түрде толық медициналық тексерістен өтеді», — деді федерацияның атқарушы директоры.
Сондай-ақ, Рауан Игенев бокстан әлем чемпионы Санжар Тәшкенбайдың қол жарақатына қатысты да пікірін айтты.
«Негізі, боксшылар былғары қолғап киерден бұрын қолдарын сапалы тейптермен орайды. Ал осы жолы жарысты ұйымдастырушылар қолды тек бинтпен орауға рұқсат еткен. Қолдары бинтпен оралды, оның үстіне, былғары қолғап та жұқалау берілген сияқты. Бұл сұрақтардың бәрін ұйымдастырушыларға жолдаймыз. Қазір біздің боксшыларға барынша түсіністік танытайық. Күтпеген жағдайлар кез-келген уақытта орын алуы мүмкін. Жігіттер жаңа маусымды қарқынды бастады. Кім болса да, жарысқа жеңілу үшін бармайды», — деді Рауан Игенев.