
Танымал ауыр атлет, допинг қолданғаны үшін әлемдік жарыстардағы жүлдесінен айырылған Алмас Өтешов соңғы кездері қиын кезеңді бастан кешіруде. Спортшы жұмысының жоқтығын, несиесінің көптігін айтып, отандық журналистерге сұхбат беруде. Осы орайда, Sportbugin.kz Қазақстан ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Мадина Астамировадан осы мәселеге қатысты сауал жолдаған еді.
Федерация өкілінің айтуынша, Алмас Өтешов бапкерлік қызметтен өзі бас тартқан.
«Өзім де ауыр атлетикамен шұғылданып, он жылға жуық ұлттық құрамада болдым. Спортты аяқтаған соң да үнемі ауыр атлетика жарыстарын жіберген емеспін. Жанкүйер қатарында, кейін төрешілер құрамына іліктім. Осылайша, федерациямен байланыс орнатып, бүгінде бас хатшы қызметіндемін.
Алмас менің замандасым. Біз оған да талай рет жұмыс ұсындық. Бірақ ол Алматы қаласында балалар бапкері болудан бас тартты. «Мен кішкентай балалармен жүре алмаймын», — деді. Бірден ұлттық құраманың бапкері болғысы келді. Алайда, жаттықтырушы болудың да өзіндік шарттары бар. Бес жыл бапкерлік өтілі жоқ мамандарға ұлттық құрамада бірден жұмыс табылмайды. Өйткені, қаншама уақытын осы спорт жолында сарп еткізген жаттықтырушылар бар.
Ол мемлекет берген пәтерін жекешелендіріп беруді сұрады. Бірақ қазір ешбір Олимпиада чемпионы да, әлем чемпионы да мемлекеттен берілген пәтерді біршама уақытқа дейін жекешелендіре алмайды. Заң солай. Ал Алмас болса, пәтерді сатып, несиелерін жапқысы келді. Бұл жерде бәрі де адамның өзіне байланысты», — деді Мадина Астамирова.
Еске сала кетейік, бұған дейін федерация бапкерлер Алексей және Виктор Нидің спорттан төрт жылға шеттетілгенін растаған болатын.