
Софияда (Болгария) таеквондодан G-1 санатындағы Bulgaria Open халықаралық турнирі аяқталды. Есбол Сұлтанов бастаған Қазақстан ұлттық құрамасының алты спортшысы финалда өнер көрсетті, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Ерлер арасында 74 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Мақсат Орынбасар қарсылас шақ келтірмей, Bulgaria Open турнирінің чемпионы атанды. Ол жартылай финалда әлем чемпионатының жүлдегері Кадырбеч Дауровты (AIN) жеңсе, финалда грекиялық Хараламбос Флускоунистан 2:1 есебімен басым түсті.
Ал Нодира Ахмедова (49 кг), Бектөре Оралханов (58 кг), Батырхан Төлеуғали (80 кг), Әзірет Дүйсенбек (54 кг), Нұрлан Мырзабаев (87 кг) күміс медальға қол созды.
Дамир Шуленов (68 кг), Мерген Ганиев (80 кг), Артур Серік (54 кг), Аманбол Бегімбетов (63 кг), Камила Аймукашева (62 кг), Нұрай Қазынабек (57 кг), Нұрай Бауыржанова (49 кг) және Айдана Сундетбай (53 кг) қола жүлдегерлер қатарында.
Bulgaria Open халықаралық турниріне 27 елден 900-ден астам спортшы қатысқан. Бас бапкер Есбол Сұлтанов Sportbugin.kz тілшісіне берген шағын сұхбатында әлі де кемшіліктермен жұмыс істейтінін айтты.
«Турнирге мықты спортшылар жиналды. Әлем, Олимпиада және Еуропа чемпиондары мен жүлдегерлері келді. Біздің жастар командамыз жақсы өнер көрсетті, ал ересектер сапынан алты спортшымыз финалға шығып, бір алтын алдық. Бұл команданың жаңа маусымдағы алғашқы ірі жарысы. Қай жерден қателік кеткенін, әлі көп жұмыс істеу керектігін байқадық. Мұнымен тоқтап қалмаймыз, алға жылжимыз», — деді бас бапкер Есбол Сұлтанов.
Айта кетелік, аталған турнирде Қазақстан жастар командасы 5 алтын жеңіп алған болатын.