
Қазақстан әйелдер командасының мүшесі Әйгерім Сәттібаева Болгариядағы «Странджа» турнирінің күміс жүлдегері атанды. Ол қарсыласын қуып жүріп ұрса да, төрешілер қазақ қызына жеңісті берген жоқ. Sportbugin.kz тілшісіне шағын сұхбат берген Әйгерім финалдағы қарсыласы туралы қызықты деректі жеткізді.
Финалда Әйгерім шаршы алаң қожайыны, әлем чемпионатының жүлдегері және екі дүркін Еуропа чемпионы Севда Асеновамен жұдырықтасты. Жанкүйерлер Севданың дене пішімі ер адамға қатты ұқсайтынына назар аударған.
«Қарсыласым әлемдегі мықты боксшылардың бірі. Көпшілік ойлағандай ер адам емес, әйел адам. Шашы жоқ болғасын көпшілігі солай ойлаған болуы керек.
Ол бүгін өз мансабындағы ең соңғы жекпе-жегін өткізді. Қырыққа келіпті, бокспен қоштасып жатыр. Жарыстан соң көзіне жас алып, жанкүйерлерге рахметін айтты.
Ал кездесуге келер болсам, мен аянғаным жоқ. Төрешілер солай шешім қабылдады. Қарсыластың қолын көтерді. Демек, мен жеңілдім», — деді Әйгерім.
Айта кетелік, Әйгерім Сәттібаева он жылдан аса үзілістен соң боксқа қайта оралып, Азия чемпионатының қола медалін иеленген.
Халықаралық «Странджа» турнирінде Қазақстан әйелдер құрамасы 15 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 1 алтын, 6 күміс және 8 қола медаль бар.