
Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов сәуір айында өткен халықаралық жарыстарды қорытындылады. Бұл туралы журналист Қанат Байұзақовтың парақшасына сілтеме жасаған Sportbugin.kz хабарлайды.
«Сәуір айындағы жарыстарға төрт (жақсы) деген баға қоямын. Әзербайжандағы турнирге ұлттық құраманың 3-4 нөмірлі боксшылары барды. Оның көпшілігі 2003-2006 жылғы спортшылардан құралған.
Мысалы, 54 келідегі Бағлан Кенжебектің жасы 20-да. Әйтсе де ол Грузия, Өзбекстан, Ресейдің бірінші нөмірлі өкілдерінен айласын асырып кетті. Болашағы бар боксшы. Алдағы уақытта тағы да қуантады деп сенемін. 20 жастағы Нұрбек Мурсал 71 келіде де кезекті рет мықтығын дәлелдеді. Бұған дейін ол Сербиядағы додада 1-орын алып қана қоймай, турнирдің үздік боксшысы ретінде танылып еді.
Жастар санатынан енді ауысқан Санжарәлі Бегалиевтің де аяқ-алысы көңілден шықты. Финалға дейін іркілмей жетіп, Өзбекстаннан Әзербайжанға ауысқан, 2 дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Саиджамшид Джафаровқа лайықты қарсылық көрсете білді. Бұл турнирде бауырларым 2 алтын, 1 күміс, 6 қоламен бәсекені аяқтап, жалпы есепте 3-орынға тұрақтады.
Ресейдегі турнирге 10 боксшымызды жіберген болатынбыз. 54 келіде Сәкен Бибосынов пен аса ауыр салмақта Нұрлан Сапарбай алтын медальға ие болды. 92 келіде Сағындық Тоғамбай күміс медаль еншілегенімен, жеңілді деп айта алмаймын. Себебі, финалда жергілікті боксшымен кездесті. Төрешілердің де көмегі болды деп ойлаймын.
Қола жүлдегерлердің арасынан Теміртас Жүсіповтің (48 келі) ерік-жігеріне тәнті болдым. Сондай-ақ, Жандос Қыдырәлиев (63,5 келі) пен Мұхамедсабыр Базарбайұлы (67 келі) да жүлдегерлердің қатарына кірді.
Желтоқсан айындағы жарақатынан кейін қатарға қосылған Сәкен Бибосынов Ресей төрінде 54 келіде жақсы өнер көрсетіп, үш кездесуінде де басым түсті. Жаңа салмақта да ешкімнен осал емес екенін анық аңғартты. Ол ұлттық құрамада екінші нөмірлі боксшы. Көшбасшы – Махмұд Сабырхан. Нұрсұлтан Алтынбек Бразилиядағы әлем кубогының алғашқы кезеңінде топ жарды.
Бағлан Кенжебек те жыл басынан бері екі турнирде чемпион атанды. Олардан бөлек, жастар арасында әлем чемпионы Боранбек Бексұлтанды есептен шығаруға болмайды. Бір салмақта мықтылардың жиналғаны бәсекелестікті одан әрі жоғарлатады. 71 келіде де талас күшейіп келеді. 2025 жылы Нұрбек Мурсалдың қарқыны артты. Ересектер сапына ауысқан Төрехан Сабырхан, бірінші нөмірлі, тәжірибелі Абылайхан Жүсіпов, Фарух Тоқтасынов бар», — деді Қайрат Сәтжанов.