
Ресейдің Хабаровск қаласында өткен Констанин Коротковты еске алуға арналған турнирде Сәкен Бибосынов чемпион атанды. 54 келіде жұдырықтасқан спортшы турнирді қорытындылап, шағын сұхбат берді, деп жазады Sportbugin.kz.
«Бұл турнирге 2017 жылы қатысып, 52 келі салмақта жеңіске жеткен едім. Араға жылдар салып, тағы да топ жару бұйырыпты.
Ал жарысқа дейін Ресейдің Кисловодск қаласында бірлескен оқу-жаттығу жиынына қатыстық. Сол жиында Хасанбай Досматовтың өзімен де, інісімен де спаррингтік жекпе-жектер өткіздім.
Турнирге келер болсам, Хасанбай өзінің туған інісіне жолын берді. Сондықтан, екеуміздің жолымыз бұл бәсекеде түйіскен жоқ. Інісі Фариезбекпен жұдырықтастым. Ол да жақсы боксшы екен. Болашақта Өзбекстан құрамасы осы жігітке сенім артады деп ойлаймын.
Бапкерлердің нұсқауымен бұл жарыста кіші Досмтовты жеңдім. Әзірге, жарақатымнан толық айыққаным жоқ. Жаттығуды да абайлап жасап жүрмін. Бұйырса, ақырындап қалпыма келемін», — деді Бибосынов.
Еске сала кетейік, Сәкен Бибосынов ұзақ уақыт сәтсіздіктен соң Ресейдегі турнирде жеңіске жеткен болатын.