
Еркін күрестен әлем чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы Нұрқожа Қайпанов қайтадан 70 келі салмаққа түсті. Бұл туралы ол журналист Ақырыс Сейтқазыға берген сұхбатында айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
«Азия чемпионатында 74 келіде топ жардым. Бірақ биылғы маусымның қалған бөлігінде 70 келіге күресемін. Бапкерлеріммен, отбасыммен ақылдаса келе осындай шешім қабылдадық. Олимпиадаға дейін әлі уақыт бар.
70 келіде мен өзімді нағыз бабымда сезінем. Күш, физика және техника дәл осы салмақта нормаға келетінін байқаймын. Негізгі салмағым 76-77 келі ғой. Ал 74 келіде күш болу керек. Сондықтан, 80-80 келіден салмақ қуу қажет.
Келесі жылы Азия ойындары бар. Одан әрі Олимпиада күтіп тұр. Сол маусымдарда олимпиадалық салмаққа қайта ораламын», — деді Қайпанов.
Айта кетелік, Нұрқожа Қайпанов 74 келі салмақта Азия чемпионы атанған болатын.
Фото: Спортты дамыту дирекциясы/Шамкен Байырбек