
Бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов өз мансабындағы нокауттар сериясын еске алды. Бұл туралы ол журналист Ақырыс Сейтқазының YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
«Асаходжа Муйдинходжаевты нокаутқа жібергенімді көпшілік айтып жүр. Өзім де жарқын жекпе-жектердің бірі деп ойлаймын. Сол кездегі бас бапкер Мырзағали Айтжанов асықпау керектігін айтты. Себебі, көп боксшылар екі раунд бойынша ұтылып жатқан соң, үшінші раундта қарсыласты құлатуға асығады. Сөйтеді де, өздері соққы алып қалатын кездер көп.
Сол кездесуде бір нокдаун берген соң, өзімде де қызық болды. Жеңіліп жатып, нокаутпен жеңіп кету…
Таиландтағы турнирде менің қарсыласым ауыр нокаут алып қалды. 2-3 сағат ұйықтап қалды, менің өзім қорқып кеттім. Бірақ ертесіне сол жігіт марапаттау рәсіміне келді. Сол кезде оны көріп, қуанып кеттім», — дейді Шымбергенов.
Еске салайық, Асланбек Шымбергенов бокстан 2023 жылғы әлем чемпионы, 2022 жылғы Азия чемпионы және Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері.