
Қазақстандық таеквондошылар Батырхан Төлеуғали мен Азиза Қаражанова Қытайдағы халықаралық турнирдің қола жүлдесін иеленді, деп жазады Sportbugin.kz.
Қытайдың Тайань қаласында таеквондодан President’s Cup — Asian Region халықаралық турнирі басталды.
Жарыстың алғашқы күнінде 80 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Батырхан Төлеуғали Қазақстан қоржынына алғашқы жүлдені салды.
Жарысқа екінші айналымда қосылған ол жартылай финалға дейін екі кездесу өтізді. Алғашқы кездесуінде Ким Чжебомнан (Оңтүстік Корея), ширек финалда Ван Го Циннен (Қытай) басым түсті. Алайда, жартылай финалдық кездесуде Пак Чунсанға есе жіберіп, жарысты үшінші орынмен аяқтады.
Батырхан Төлеуғали President’s Cup — Asian Region жарысының қола жүлдесімен қатар, 2026 жылы өтетін Азия чемпионатына Қазақстанға қосымша жолдама сыйлады.
Сондай-ақ, Азиза Қаражанова Қазақстан қоржынын тағы бір қола жүлдемен толықтырды
Азиза жарыс барысында барлығы төрт кездесу өткізіп, оның үшеуін жеңіспен аяқтады. Ол алғашқы айналымда-ақ Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Цин Гоны (Қытай) жарыс жолынан шығарды. Екінші кездесуде тайпейлік По Я Судан басып түсіп, ширек финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері Цзо Цзюйді (Қытай) ығыстырды. Финалдық жолдаманы сарапқа саларда Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Мобина Нематзадеге (Иран) есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты.
Осылайша, President’s Cup — Asian Region жарысын үшінші орынмен аяқтаған Азиза Қазақстанға 2026 жылы өтетін Азия чемпионатына қосымша жолдаманы сыйға тартты.