
Бокстан Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны, әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов спорттық мансабындағы қиын кезеңдер туралы айтты. Бұл туралы журналист Ақырыс Сейтқазының YouTube арнасына сілтеме жасаған Sportbugin.kz хабарлайды.
«Боксқа қол сілтегім келген кездер болды. 2021 жылы Сербияның Белград қаласындағы әлем чемпионатында украиналық Юрий Захариевтен жеңілдім. Бұл сында жанкүйерлер мені чемпион болады деп күткен еді. Өзбек, неміс боксшыларын ұтқан едім соның алдында. Фавориттердің бәрін жеңіп, украиналық боксшыға есе жібердім.
Сол кездесуден соң бапкерім екеуміз бір-бірімізбен сөйлеспедік. Бапкерім де стресске түсті, мен де тұңғиыққа кетіп қалдым. Біраздан соң: «Ағай, мен не істеймін? Боксты қояйын ба?»,- дедім. Ол кісі: «Асықпа. Жарыс біткен соң, үйге барып сөйлесеміз», — деді.
Елге оралған соң жаттығуға бардым. Ағайым біраз қарап отырды да: «Алда Азия чемпионаты келе жатыр. Азияда сенен мықты кім бар? Ешкім жоқ. Демек, дайындаламыз», — деді.
Міне, содан соң жаттығуды қайта бастап, 2022 жылы Азия чемпионы атандым», — дейді Асланбек.
Асланбек Шымбергенов бокстан әлем, Азия чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері.