
Өткен демалыс күндері семсерлесуден Колумбия астанасы Боготада өткен әлемдік Гран-при турнирінде қазақстандық шпагашы Руслан Курбанов күміс медаль иеленді. Бұл нәтиже Руслан Курбановқа әлемдік рейтингтегі шпагашылар арасында үздік ондыққа кіруге мүмкіндік берді, деп жазады Sportbugin.kz.
Жарысқа 55 елден келген 189-дан астам спортшы қатысты. Курбанов турнирді әлемдік рейтингтегі 16-орыннан бастап, финалға дейін сенімді және жарқын жолмен өтті:
• 1/32 финалда Канада спортшысы Фин Фафардты 15:12 есебімен жеңді;
• 1/16 финалда Олег Кнышты — 15:10;
• 1/8 финалда атақты француз Александр Барденетті — 15:12;
• ширек финалда Нидерланд спортшысы Тристан Тюленді — 15:10;
• жартылай финалда бұрын Ресей құрамасында өнер көрсеткен, қазіргі таңда Өзбекстанның атынан шығатын Вадим Анохинмен кездесіп, шешуші укол жасап, кездесуді 15:14 есебімен аяқтады.
Ал финалда Руслан жапондық Акира Коматаға қарсы шықты. Ол Париж Олимпиадасында командалық сында күміс жүлде алған, әрі әлемдік рейтингте 15-орында тұрған спортшы. Аса тартысты өткен бұл жекпе-жекте Руслан барын салғанымен, 10:15 есебімен қарсыласқа жол берді. Осылайша, Руслан Курбанов Боготадағы Гран-приде күміс жүлдегер атанды.
Спортшының айтуынша, бұл медаль оған оңай келген жоқ.
«Мұндай жарыстарда ештеңе де оңай болмайды. Барлық қарсылас атақты, тәжірибелі әрі мықты. Жекпе-жектің тағдыры кейде миллисекундтармен шешіледі. Әрбір семсерлесушінің, әсіресе әлемде ең бәсекелі спорт түрі саналатын шпагада, өзіне тән жекпе-жек стилі бар. Жеңіске жетудің басты жолы – әрбір қарсыласқа жеке кілт табу.
Мен үшін бұл — үлкен жеңіс. Себебі менде Әлем кубоктары, Азия чемпионаты, Азия ойындары, Әлем чемпионатынан медальдар бар. Бірақ бұл Гран-при турниріндегі бірінші жүлдем. Жартылай финал мен ақтық сындағы кездесулерді өте қиын болды деп айта аламын. Жалпы алғанда, бұл мен үшін өте маңызды әрі қажетті нәтиже.
Миландағы Әлем чемпионатында қола алған соң, жеке көрсеткіштерім көңіл қуантқан жоқ. Осы уақыт ішінде басты назар командалық өнер көрсетуге бағытталды. Жаңа бапкеріміз Александр Горбачук келгелі біз техникалық арсеналымызды едәуір кеңейтіп, жаттығу процесін түбегейлі өзгерттік. Бұл өзгерістер өз нәтижесін беріп жатыр. Жұмысты жалғастырып, нәтижені жақсарт береміз», — дейді жарыстан соң сөз алған Руслан Курбанов.
Сондай-ақ, өткен Гран-при турнирінде Ерлік Сертай өзін лайықты жағынан көрсетті. Ол тәжірибелі француз спортшысы Луиджи Миделтонмен болған кездесуде ұтылып, жартылай финалға бір қадам жетпей тоқтады.
Алда Қазақстан құрамасын маңызды жарыстар күтіп тұр: Франциядағы Әлем кубогы, Индонезияда өтетін Азия чемпионаты, сондай-ақ жылдың басты жарысы — Тбилисиде өтетін Әлем чемпионаты.